Алматыда салынып жатқан дзюдо кешеніне Бүкіләлемдік Олимпиадалық дзюдо академиясы мәртебесі берілді - М. Мықтыбеков
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының базасы ретінде жаңадан салынып жатқан дзюдо кешеніне Халықаралық дзюдо федерациясы Бүкіләлемдік Олимпиадалық дзюдо академиясы мәртебесін берді. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Марат Мықтыбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, таяуда Астана қаласында дзюдо күресінен өткен Әлем біріншілігі барысында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер дзюдо академиясының жаңа мәртебесін мақұлдап, оның болашақта әлемдік деңгейдегі базаға айналатындығын және онда ірі спорттық шаралар өткізіліп тұратындығын айтқан.
«2013 жылдан бері Алматыда Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің аумағында салынып жатқан дзюдо академиясы алдағы жылдың көктемінде қолданысқа беріледі. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл әлемдік деңгейдегі база болайын деп тұр. Оның 4 жұп татами төселетін алып залында бір мезетте 200 адамға дейін жаттыға алады. Сонымен қатар, академия аумағында тренажер залы, 100 адамға шақталған 2 және 4 орындық жатақхана, 100 адамға арналған асхана салынып жатыр. Сонымен қатар академияда дәрігер кабинеті, бассейн, сауна, киім жууға, киім үтіктеуге және демалуға арналған бөлмелер болады, - деді М. Мықтыбеков.
Сонымен қатар, ол дзюдо академиясын салуға шамамен 4,5-5 млн. АҚШ доллары жұмсалатындығын жеткізді.
«Құрылыс жұмыстарын Қазақстанның дзюдо федерациясының ресми демеушісі SAT&Company компаниясы салып жатыр. Академия аумағы 1 гектарға жуықтайды. Ал академия ғимаратының аумағы 4,5-5 мың шаршы метрді құрайды. Болашақта бұл базада тек Қазақстанның ұлттық құрамалары ғана емес, шет елдік ұлттық құрама командалар да келіп, осы жерде толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады. Бұл жерде бірлескен оқу-жаттығу жиындары да болады. Одан басқа, шет елдерден мамандарды шақыртып, семинарлар ұйымдастырамыз. Бұл елімізде дюздо спортының қарыштап дамуына септігін тигізеді», - деді М. Мықтыбеков.