Алматыда самокатшының кесірінен машинист пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Маңғыстау-Алматы» жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында электрлі самокат мінген ер адамның болуына байланысты құрамды шұғыл түрде тоқтатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда самокатшының кесірінен машинист пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 15 мамыр сағат 15:44-те ер адам Алматы-1 және Алматы-2 станциялары арасында теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған.

«Жолаушылар пойызы 3 минутқа тоқтатылды. Қазіргі уақытта құқық бұзушының жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралды. Онда теміржолдың бойында жалға алған электрлі самокаты бар ер адамның машинистпен дауласып тұрғанын көруге болады.