12:59, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда сандық хабар таратуға арналған спутниктік стансы салынады
АЛМАТЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда сандық хабар таратудың алғышарттары жасалуда. Бұл туралы бүгін Алматыда 16-шы KITEL телекоммуникациялар көрмесі аясында өткен «Сандық хабар тарату: техникалық революция және қоғам мүддесі» атты конференция барысында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Отырыс барысында айтылғандай, әлем елдері 2015 жылы толық сандық жүйеге көшіп болмақ. Бұл бағытта Еуропа елдері сандық жүйеге жартылай көшіп үлгерген. Конференцияда осы мәселелермен қатар мемлекет тарапынан сандық жүйені енгізу бағытында қандай жұмыстар жасалуда, баламалы жүйеден сандық жүйеге көшу не береді, қоғамға қандай әсері бар деген мәселелер талқыланды.«Қазтелерадио»АҚ басқарма төрағасы Айдар Қуатбаевтың айтуынша, қазіргі таңда сандық жүйеге көшудің алғышарттары жасалуда.
«Сандық хабар таратуға көшу бірнеше мүмкіндіктер береді. Мәселен, қазір Алматыда 14 телеарна жұмыс істесе, сандық телеарнаға көшкен соң олардың саны 140-қа артуы мүмкін. Көрсетілім сапасы артады.Қазір телеарналар пайдаланып отырған арналар желісі босап, басқа салаларға қажетті арналар саны да көбейеді. Бұл бағытта бірқатар қадамдар жасалып отыр.Мәселен 1999 жылы ТМД-да 1-ші болып оны сынақтан өткіздік. Қазір де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта Алматыда сандық хабар таратуға арналған спутниктік стансы салынады», дейді «Қазтелерадио»АҚ басқарма төрағасы.Отырысқа қатысқан Украина Ұлттық телерадиохабар таратушылар қауымдастығының өкілі Ольга Большакованың айтуынша, ТМД елдері 2015 жылы толық сандық хабар таратуға көшіп үлгермейді. «Өйткені, әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы керек», дейді ол.Бұлармен қатар, конференция жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Ақпарат және байланыс агенттігінің, Арна медиа холдингінің өкілдері қатысты.