Алматыда Санжар Жандосовтың 80 жылдығына орай конференция өтті
Ы. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қаңтарда 29-ында мемлекеттік және қоғамдық көрнекті қайраткер, ғалым-экономист Санжар Оразұлы Жандосов 80 жасқа толады.
Осыған орай бүгін Алматыда «Санжар Жандосов феномені: биографиялық фактілерден сом тұлғаға» атты конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тәуелсіздік алауының бірінші күндерінен бастап С. Жандосов Қазақстанның қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысты. 1990 жылы ол Шаруа қожалықтарының қауымдастығына президент, ал 1992 жылы Қазақстан кәсіпкерлері конгресінің бірінші төрағасы болып сайланады. Сонымен қатар «Әділет» республикалық ерікті түрдегі тарихи-ағартушылық қоғамын құру бастамасын көтеріп, оның бірінші төрағасы болады. Халық алдындағы еңбегі және республиканы дамытудағы үлесі үшін «Еңбегі сіңген экономист» атағы берілді, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен және құрмет қағаздарымен марапатталған.
Шара барысында С. Жандосовтың демократиялық, гуманистік және экономикалық көптеген көкейкесті ойлары талқыланып, баяндамалар оқылды. Сонымен қатар онымен жақын араласқан жандар мен туған-туыстары естелік әңгімелер айтты. «Санжарды алғаш Каспий теңізінің жағалауындағы Құлсарыда көріп, танысқан едім. Одан кейін біздің достығымыз бірнеше он жылдыққа жалғасын тапты. Ол ақжарқын, адалдықты, әділдікті сүйетін жан еді», дейді ақын Олжас Сүлейменов.
Сондай-ақ конференция аясында С. Жандосовтың мұрағат құжаттары мен фотосуреттерінің көрмесі ұйымдастырылып, мұрағаттық кинохроника кадрлары көрсетілді.
Конференция «Әділет» қазақстандық тарихи-ағартушылық қоғамы, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты және «Сандж» зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.