Алматыда сарапшылар Президент сайлауы туралы болжамдарымен бөлісті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сарапшылар «Президент сайлауы 2019: сұрақтар және күтілетін нәтижелер» атты дөңгелек үстелде бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда сарапшылар Президент сайлауы туралы болжамдарымен бөлісті

Жиын Алматы Менеджмент университеті мен «Альтернатива» өзекті зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Алматы Менеджмент университетінің мемлекеттік және қоғамдық саясат пен құқық мектебінің деканы Асқар Нұршаның айтуынша, бұл жиынды ұйымдастырудағы басты мақсат ҚР Президентінің сайлауы туралы ағымдағы сайлау науқанының ерекшелігін және оның партиялық саясатұа әсерін, елдегі қоғамдық саяси процестерді одан әрі дамытуға деген ықпалын талқылау.

«Сайлаудың жалпы ұйымдастырылуы, кандидаттардың ұсынылуы барлық кезеңдер ҚР Сайлау туралы заңнамасына сай, Конституцияға сәйкес өтіп жатыр. Заңбұзушылықтар, қоғамдық пікір қалыптастыратын олқылықтар орын алып жатқан жоқ. Барлығы құқықтық шеңберде өтіп жатыр. Кандидаттардың бәрі қазақ тілінен мүдірмей өтіп жатқаны көп нәрсені көрсетеді. Олар ұлтжанды, қазақи адам екенін білдірсе керек. Енді сайлау қорытындысы бойынша пайыздық нәтиже туралы дөп басып айту қиын. Кім озып кететін болжай алмайсыз. Бұрынғы сайлауларда додаға Елбасымыздың өзі түсетін. Оның сөзсіз ел алдындағы беделі оқ бойы озық тұратын. Биылғы сайлау жаңа деңгейде, жаңа форматта өтіп жатыр», - деді саясаттану ғылымдарының докторы, Алматы Менеджмент университетінің мемлекеттік және қоғамдық саясат пен құқық мектебінің кафедра доценті Сейілбек Мұсатаев.

Жиын барысында басқа да сарапшылар өз пікірлерін айтты.