Алматыда Сарыбаевтар әулеті көрнекті өкілдерінің құрметіне ескерткіш тақталар орнатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шора Сарыбаевтың, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын зерттеуші, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Болат Сарыбаевтың және белгілі композитор және зерттеуші Талғат Сарыбаевтың құрметіне ескерткіш тақталар қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
None
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ескерткіш тақталар Абылай хан даңғылы, 113 мекен-жайдағы үйдің қабырғасына орнатылды. Мұнда Сарыбаевтар әулетінің өкілдері әр жылдары өмір сүрген.

Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Қайрат Сарыбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Сарыбаевтардың туыстары мен жақындары, зиялы қауым өкілдері, Алматы тұрғындары қатысты.


Өз сөзінде Алматы әкімі Ерболат Досаев Шора, Болат және Талғат Сарыбаевтардың құрметіне мемориалдық тақталардың ашылуы Алматы үшін маңызды оқиға, олардың әрқайсысы еліміздің ғылымы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлестері зор екенін атап өтті.

«Зерттеуші ғалым Шора Сарыбаев 60 жылға жуық Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеген. Өзінің артынан 300-ден астам ірі еңбекті қалдырды. Академиктің артында қалған мұрасы оның терең білімді, парасатты ғалым болғанын көрсетеді. Оның еңбектерінің тақырыбы қазақ тіл білімінің лексикология, лексикография, грамматика, диалектология, тіл тарихы сияқты салаларды қамтиды. Бұдан басқа, Шора Сарыбаев Қазақстандағы библиографияның бастауында тұрды. Ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін Шора Сарыбаев түрлі наградалармен, атақтармен марапатталды, олардың арасында «Құрмет», «Парасат» және т. б. ордендер бар.


Болат Сарыбаев өз өмірін терең үдерістерді зерттеуге және ғылымды дамытуға арнады. Белгілі ғалым, музыкатанушы және коллекционер ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасын сақтап қалды. Оның коллекциясында төрт жүзге жуық экспонаттар бар. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сақтаулы.



Болат Сарыбаевтың ісін оның ұлы Талғат жалғастырды. Ол «Жетіген», «Гүлдер» және «Арай» ансамбльдерін құрды және олардың басшысы болды, онда Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жеке ән айтты. Талғат Сарыбаев керемет музыка өңдеуші ретінде халық әндерінің тұтас топтамасын жасады. Көне музыкалық аспаптарды жинап, олардың жандануына ықпал етті әрі қазақ өнеріне жаңа серпін берді. Талғат Сарыбаевтың шығармашылығы туралы «Өткен күндер», «Үйге хат», «Менің махаббатымның айлағы», «Бәрі сен үшін», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», «Ескі телефон» сияқты композициялар үнемі еске түседі – олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерге де кеңінен танымал», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ескерткіш тақталардың ашылуы алдында Шора мен Болат Сарыбаевтардың әкесі – Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай деректі фильм көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар