Алматыда сатушы қызға қарақшылық шабуыл жасаған қаскөй ұсталды
АЛМАТЫ. 7 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 22-жасар жігіт тал түсте қаланың Жетісу ауданындағы Орталық киім-кешек базарында ұрлыққа барған, деп мәлімдейді қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысында туып-өскен ұрының Алматыға келгеніне бір ай ғана уақыт болған.
«Қаскөй жігіт бутиктердің біріндегі жас қызды байқап қалады. Ол клиент ретінде ішке кіріп, қыздан тауар туралы сұрастыра бастайды. Ал жұмыс бабымен алаңдап кеткен қызды зат қоймасына күштеп кіргізген ол оны қылқындыра бастаған. Қарақшы қыздан ақшасы бар әмиянін талап етеді. Нәзік қыз шабуыл жасаушыға бағынып, өзінің барлық түсімін - 330 мың теңгесін, сонымен бірге ұялы телефонын да бере салған. Зорға дегенде аман қалған бойжеткен өте ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмаған. Бұл қатігез қарақшылық шабуыл туралы ақпарат полицияға елу минут өткеннен кейін барып қана түскен»,- дейді ауыр қылмыстың мән-жайы туралы Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасының қарақшылық шабуыл мен тонауды ашу бөлімінің бастығы, полиция майоры Жанболат Зияддин.
Бұл уақыт аралығында қылмыскердің із жасырып үлгергенін айтпаса да түсінікті. Көршілес бутиктердің сатушыларының ешқайсысы да күдікті еш нәрсе байқамағандарын айтып тергеуге көмектесе алмаған. Бұл аралықта тәжірибелі із кесушілер арнайы операцияның жоспарын құрып үлгерген.
«Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде қарақшы анықталып, ұсталды. Ол Алматының Алатау ауданындағы жалдамалы пәтерде жасырынған. Қылмыскер ұрланған ақшаның бір бөлігін жұмсап та үлгерген, ал қалған ақшалай қаражат алынып, ҚР ҚК 179-бабына сәйкес - қарақшылық шабуыл - қылмыстық іске тіркелді. Сонымен бірге, тұрақты жұмысы жоқ азамат М. бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болды»,- деп өз сөзін тұжырымдады Ж.Зияддин.