Алматыда сауда орталықтары мен сұлулық салондары қандай жағдайда ашылмақ
«Алматы наурыздан бері эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында «қызыл» аймақта. Барлық шектеу шарасы осыған сай енгізіліп жатыр. Ал қалыпты жұмысқа оралу бойынша жауапкершілік тұрғындардың, біздің мойнымызда. Шағын және орта бизнес нысандарынан коронавирус таралу индексі төмендемейінше шектеулер алынбайды», - деді Әсел Қалықова.
Ал шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қалада тәулігіне коронавирус жұқтырғандар саны азайса, вирустың таралу индексі төмендесе ғана қаралатыны айтылды.
«Бірақ вирустың негізгі таралатын орындары қоғамдық жерлер, сауда орталықтары, сауда үйлері, басқа да қоғамдық тамақтау орындары, сән салондары екенін көріп отырмыз. Сондықтан жауапкершілік екіжақты екенін қайталап айтқым келеді. Кәсіпкер қызметкерлерге де, тұрғындарға да нормаларды сақтауға жағдай жасауы керек», - деді ол.
Айта кетейік, Алматы 10 наурыздан бері «қызыл» аймақта. Карантин шаралары 12 сәуірге дейін ұзартылды.
Қаулыға сәйкес, ЖОО мен колледж студенттері, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Сондай-ақ ата-анасының өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептердің 1-5, 9 және 11-сыныптарда бала саны 15-ке дейін болатын кезекші топтарды құруға рұқсат берілгені белгілі болды.