Алматыда сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат қойылғаны үшін келушілер эвакуацияланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Әуезов ауданында орналасқан сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат қойылғаны үшін келушілер эвакуацияланды
Фото: t.me/kris_p_almaty_official

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бүгін сағат 09:47-де Әуезов ауданында орналасқан сауда орталықтарының біріне жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлама түсті.

«Аталған нысанға қаланың шұғыл және жедел қызметтері тартылды. Алғашқы әрекет ету шарасы аясында сауда үйінің қызметкерлері мен келушілері эвакуацияланды. Шараға сондай-ақ сапер бөлімшелері тартылды», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Комиссиялық тексеріс сағат 11:30-да аяқталды. Жарылғыш зат табылған жоқ. Анонимді түрде хабар таратқан тұлға анықталып жатыр. Ол ары қарай жауапқа тартылатын болады.

Еске салсақ, Алматыда бұған дейін де сауда орталығы мен қонақ үйге бомбаның қойылғаны туралы хабарлағанбыз.

Екі жерден де іздеу шаралары нәтижесінде жарылғыш заттар табылған жоқ болатын.