Алматыда сауда орындарын реттеу жұмыстары жалғасуда
АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда бұрын базар орналасқан аумақтарды сәулеттендіру жұмыстары жалғасуда. Ірі және ұсақ сауда орындары болған жерлерде саябақтар мен көлік қоятын автотұрақтары бар заманауи сауда орталықтары ашылады.
Сонымен, қаладағы 46 базар орнына жер асты автотұрғы бар бірегей сауда орындары бой көтереді. Қазіргі уақытта бұл сауда орталықтарының иелерімен түрлі жоба ұсыныстары қарастырылуда. Олар санитарлық тазалық пен өртке қарсы қауіпсіздік талаптарды сақтап, жұртшылыққа қызмет көрсетуде барлық жағдайды жақсартып, көлік еркін кіру жағы мен аймақты абаттандыру жағын қолға алулары керек.
Бірнеше сауда орталықтарының жоба-сызбалары жасалып та үлгерген. Әсіресе қаланың бас жобасына сәйкес «Көк базар» әкімшілігіне 200 көлік сиятын көп қабатты автотұрақ құрлысын салу тапсырылды.
Сондай-ақ тағы екі базар орнына саябақ немесе демалыс орындары ашылады. Қалада сонымен қатар жер асты автотұрағы бар сауда үйін салуға мүмкіндігі жоқ 30-дан аса базарды көшіру жұмыстары жалғасуда.