Алматыда саясаттанушылардың Евразиялық конгресі өтуде

АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда саясаттанушылардың Бірінші Евразиялық конгресі басталды. Екі күнге созылатын конгрестің басты тақырыбы - «Посткеңестік транзит: трендтер, мифтер мен болашақ».

Алматыда саясаттанушылардың Евразиялық конгресі  өтуде

Саяси сарапшылардың бас қосуында посткеңестік елдердің саяси жүйесін зерделеу, дағдарыстан кейінгі әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдай, Қазақстанның ЕЫҚҰ-мен әріптестігі тақырыптары талқылануда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, КСРО-ның тарауы - ХХ ғасыр тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі. Одақтың құлауынан соң геосаяси құрылым мен әлем картасы ғана өзгерген жоқ, сонымен қатар көптеген елдердегі саяси дамудың бағыттары да өзгеріске ұшырады. «Бұлардың ішіндегі посткеңестік кеңістікте жүріп жатқан өзгерістер қиын, бірнеше бағытты. Көптеген бұрынғы КСРО құрамындағы елдер саяси жүйені құрудың өзіндік нұсқаларын қалыптастыра бастады. Бұлардың кейбірінде батыстық демократияның үлгісі жоқ. Осында жағдай «посткеңестік транзит» түсінігін қалыптастырып отыр. Қазіргі кезде саяси зерттеушілер алдында бұрынғы КСРО елдеріндегі саяси транзиттің түрін, оның ішкі құрылымын зерттеу қиын болып отыр. Сондықтан конгрес дәстүрлі түрде, жыл сайын КСРО-ның әр елінде кезекпен өткізіліп отырады деп сенеміз»,-деді Қазақстандық гуманитарлық-саяси коньюктура орталығының президенті Есенжол Алаяров.

Конгреске әлемнің 27 елінен 150-ге жуық саясаттанушы жиналған. Олардың қатарында Корея Республикасы, Польша, Израиль, Түркия, Франция, Германия, Иранның өкілдері бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара қорытындысы бойынша Саяси зерттеулер қауымдастығын құру көзделген.