Алматыда сайлау барысын бақылау бойынша республикалық комиссияның филиалы құрылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы барысын бақылау бойынша республикалық комиссияның филиалы құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында осы комиссия төрағасының орынбасары, «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Қопабаев мәлім етті.
«Сайлау барысын бақылау бойынша республикалық комиссия үстіміздегі жылдың 5-ші ақпанында Астанада өз жұмысын бастаған болатын. Енді міне, Алматыда комиссияның филиалы ашылып, штабы құрылды. Ол Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында орналасқан. Біздің басты мақсатымыз - сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салу. Бұл үшін әрине, сайлаушылар арасында «Сайлау туралы» заңнаманы, Ата заңның тиісті тармақтарын жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Өйткені, құқықтық сауаттылығы жоғары сайлаушылардың ғана қоғамдық белсенділігі, сайлауға деген жауапкершілігі арта түседі. Ал бұл, яғни сайлаушылардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы - сайлаудың әділ өтуіне септігін тигізеді», - деді Ө. Қопабаев.
Сонымен қатар, ол үстіміздегі жылдың 20 наурызында өтетін сайлау күні Алматы қаласының барлық сайлау учаскелерінде аталмыш комиссия мен «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің бақылаушылары болатындығын жеткізді.
«Қазір біз бақылаушылар пулын қалыптастырып жатырмыз. Олардың арасында заңгерлер, жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің оқытушылары мен 3-4-ші курс студенттері болады. Алдағы уақытта олардың біліктілігін арттыру бойынша біздің штабта оқыту семинарлары өткізіледі. Ал сайлау күні олар барлық сайлау учаскелерінде сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өздеріне тиесілі міндеттерін атқаруға кіріседі. Сондай-ақ, біз бүгіннен бастап, сайлаушылармен жұмыс жүргізе бастаймыз. Олардың сұрақтарына, арыз-шағымдарына жан-жақты жауап береміз», - деді Ө. Қопабаев.