Алматыда сайлау күніне дайындық қалай жүріп жатыр – фоторепортаж
Алматы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгүл Қалықованың айтуынша, мегаполисте Президент сайлауына байланысты 600 сайлау комиссиясы құрылды. Сегіз аудандық және бір қалалық сайлау комиссиясы жұмыстарын бастады. Барлығы – 4 759 адам.
«Алдағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіледі. Барлық іс-шаралар жоспарға сай орындалып жатыр. Қалада 600 сайлау учаскесі құрылды, оның ішінде 69-ы азаматтардың уақытша тұратын жерінде, 531-і тұрғындардың тұрақты тіркелген жерінде», - деді Айгүл Қалықова.
Спикердің айтуынша, учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті.
«Сайлаушылардың тізімі реттелді. Әрбір сайлаушы келіп, өзін сайлаушылар тізіміне енгізудің дұрыс-бұрыстығын тексере алады. Егер қандай да бір қателіктер болса, олар жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Бұл ретте комиссияның шешімімен сайлаушылар тізіміне өзгеріс енгізіледі», - деді ол.
Сондай-ақ, Айгүл Қалықова 4 қарашадан бастап сайлаушыларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері беріліп жатқанын атап өтті. 16 қарашадағы жағдай бойынша 694 адам куәлік алды.
«Есептен шығару куәліктері 19 қараша сағат 18:00-ге дейін беріледі. Дауыс беретін күні басқа қалада немесе елді мекенде болатынын білетін азаматтар өтініш беруге, тіркеуден өткендігі туралы куәлікті алуға және Қазақстан Республикасының кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруге құқылы. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді», - деп түсіндірді спикер.
Айтуынша, бүгінгі күні барлық сайлау учаскелері сайлау жәшіктерімен, мемлекеттік рәміздермен жабдықталған. Сондай-ақ, кандидаттар туралы ақпараттық материалдармен, сайлаушыларды қызықтыратын әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген.
Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайль шрифтімен трафареттер әзірленді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бұрыштар дайындалды. Онда ақпараттық материалдары бар бейне және аудио роликтер мен пандустар қарастырылған.
«Денсаулық жағдайына байланысты сайлау аумақтарына келе алмайтын тұрғындардың үй жағдайында таңдау жасау мүмкіндігі бар. Ол үшін тұрғын өзінің сайлау комиссиясына арыз жазуы керек. Өтініштер 20 қараша сағат 12:00-ге дейін қабылданады», - деді Айгүл Қалықова.
Еске салайық, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.
Бүгінгі күні Алматы қаласында сайлаушылар саны 1 миллион 170 мыңнан асты.