Алматыда сайлау заңнамаға сәйкес өтті - байқаушы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қалалық баспасөз орталығында өткен брифингіде Алматы қаласының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі байқаушылар штабының мүшесі Алмагүл Әкімова ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында штабтың жүргізген жұмыс туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Алматы қаласының мәслихатына сайлаудың қорытындысы бойынша Алматы қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің байқаушылары ешқандай жүйелі бұзушылықтарды анықтаған жоқ. Сайлау тиісті заңнамаға сәйкес өтті», - деді ол.
Сонымен қатар, учаскелерде болған бірлі-жарым жағдай шешімін тапқан.
«Бірлі-жарым жағдайлар болды. Екі учаскеде бақылаушыларды ПТР тестісі әзірленген клиника тізімінде болмауына байланысты кіргізбеді; мәселе аумақтық сайлау комиссиясына жүгінгеннен кейін шешілді. Сондай-ақ, сайлау процесіне қатысушы емес жеке тұлғалар болды, олар кәсіподақтардың байқаушыларына дөрекілік танытып, құжатын талап етті. Сондай - ақ, үш сайлау учаскесінде байқаушыларға орын болмады, алайда, учаске төрағасына жүгінгеннен кейін бұл мәселе тез шешілді», - деп хабарлады Алмагүл Әкімова.
Алмагүл Әкімова байқаушылардың да, сайлау учаскелері мүшелерінің де жоғары құзыреттілігін атап өтті.
«Біздің байқаушылар сайлау процестерін адал және бейтарап бақылап отырды»,- деп қортындылады ол.