Алматыда сегіз мектеп салынып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мегаполисте жаңа мектептер салынып, кейбір ескі білім беру ұйымында сейсмикалық төзімділік жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Алматының Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл соңына дейін 48 әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтау жоспарда. Оның ішінде 38 нысанның құрылысы жүріп жатыр, ал 10 мектепте сейсмикалық төзімділік жұмыстары жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта 12 600 оқушыға арналған сегіз мектептің, 17 мектепке арналған қосалқы ғимараттар мен №7 қалалық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Кіші Алматы өзенінің жағалауын және Жамбыл көшесін Достық даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейін реконструкциялау аяқталуға жақын», - деді спикер.
№7, 40, 45, 54 мектептер мен №16, 114, 116, 141 бөбекжай-балабақшаларының ғимараттарын жөндеу жұмыстары мен сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Спикердің айтуынша, Алматыдағы барлық жаңа мектептерді салуда әлемдік стандарттар және соңғы жетістіктер ескеріледі. Ол қазіргі балалардың заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа кеңістікте білім алуға қызығушылық танытады деп есептейді. Сондықтан Алматыда жаңа типтегі мектептердің құрылыс процесі жалғасады.
Сонымен қатар, Алатау ауданында Теннис орталығының, «Жас-Қанат», «Құлагер», «Алатау», «Айнабұлақ-2», «Кемел» шағын аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, биыл 21 жоба іске қосылды. Мектептер мен балабақшалар күрделі жөндеуден өтеді. «Кемел» шағын ауданында ауысымына 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Балалардың жедел жәрдем орталығы, Depo Evolution Park, үйсіздерге әлеуметтік көмек көрсету орталығы, Мемлекеттік қуыршақ театрының жаңа ғимараттары, ал Бостандық ауданында төрт көлікке арналған өрт сөндіру депосы салынады.