14:57, 27 Шілде 2015 | GMT +5
Алматыда селден зардап шеккендерді қолдауға арналған қайырымдылық концертінде 364 мың теңге жиналды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда селден зардап шеккендерді қолдауға арналған «Алматының бірлігі» атты қайырымдылық концертінде 364 мың теңге жиналды. Бұл туралы осы акцияға қатысушы, «Ал Давай» тобының әншісі Шоқан Мұратұлы Instagram әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, концертте жиналған барлық қаржы сел тасқынынан зардап шеккен Наурызбай ауданының тұрғындарына көмек көрсетуге жұмсалады.
«Алматының бірлігі» қайырымдылық концертінде біз 364 мың теңге жинадық. Бүгін сел тасқыны болған ауданға барып, ақшаны нақты қайда жұмсау керектігін анықтаймыз», - деп жазады Ш. Мұратұлы.
Ол сонымен қатар, 12 жастағы Диас Әубәкіров пен оның жанұясы концерттің құрметті қонақтары болғанын атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, Диас туған ауылы Қарғалыға белсенді түрде көмек көрсетіп жүр.