Алматыда «Серпіліс» атты өнер фестивалі өтеді
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласы ішкі саясат Басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде 29 қыркүйек күні Қазақтың Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің ғимаратында
«Алматы қалалық заңды тұлғалар бірлестігі Азаматтық Альянсі» халық шығармашылығын жастар мен студенттер арасында кеңі-нен насихаттау мақсатында алғаш рет көркем-сазды «Серпіліс» өнер фестивалін өткізеді. Бұл туралы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі хабарлайды.
Мәдени - көпшілік шараның бағдарламасында XIX-ғасырдағы ақын-сазгерлердің шығармашылығы бойынша сахналық көріністер, орындаушылық байқау, студенттердің халық сазгер-әншілері жөніндегі деректерден біліктіліктері сараланады, сарапшылар, көрермендер тарапынан бағаланады.
«Серпіліс» фестивалін «Алтын Арқау» мәдени-этнографиялық ҚБ-төрайымы Ғалия Айуп жүргізеді.
«Қазіргі жаппай жаһандану дәуірінде мәдени-ақпараттық ағымдардың екпініне жұтылып кетпеудің жалғыз жолы өзіңнің тегіңді сақтау, мойындату арқылы болашақ ұрпақтың ұлттық болмысын айшықтай түсіп, рухани апаттың алдын алу - өзекті мәселе, өміршең ұстаным» - делінген хабарламада.