Алматыда сервистік полицияның пилот жобасы қалай іске асып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Алматыда сервистік полицияны енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысы, өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» пилоттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Айту керек, қазіргі уақытта сервистік полицияның пилоттық жобасы Алатау ауданы аумағында жүзеге асырылуда.
Басты мақсат – жергілікті тұрғындармен әріптестік арқылы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Отырыста құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі арнайы ведомствоаралық топтың жұмысы туралы есеп тыңдалды.
Бұдан басқа, жаңа форматтағы жұмыстың туындаған мәселелерін шешу жөніндегі шаралар қаралды.
Сондай-ақ, адам құқықтары жөніндегі Хартияның атқарушы директоры, Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова, сондай-ақ Алатау ауданы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, Алатау ауданы ЖПҚ ПБ-ның қоғамдық полиция көмекшісі Әсел Жұмағалиева өз ұсыныстарын айтты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров отырыстың жұмысын қорытындылай келіп, жобаны іске асыру барысында әлеуметтік сауалнаманың алдын ала тұжырымдары мен қоғам қайраткерлерінің ұсыныстарын ескеруді тапсырды.