Алматыда Ш. Қалдаяқовтың ескерткішін тұрғызу жоспарланған уақытында жүзеге аспауы мүмкін
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда ашылуы жоспарланған Ш. Қалдаяқовтың ескерткіші қаражаттың жоқтығына орай уақытында жүзеге аспауы ытимал.
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осы мәселені көтере келе, бюджеттен қаражат қарастыруды өтінді.
Ескере кететін жайт, Сенаттың бір топ депутаттары бұған дейін Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен мұрасын ұлықтауға байланысты сауалдар жолдаған болатын. Осыған орай, депутат Қуаныш Айтаханов сенаторлар ұсыныстарының бірқатары рет-ретімен жүзеге асып келе жатқанына тоқталып, бұл үшін Үкімет басшысына алғысын жеткізді. Атап айтқанда Ш. Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты ән фестивалі Астана қаласында үшінші рет өткелі отыр. «Қазақфильм» киностудиясы Қалдаяқов жайында деректі фильмді түсіруді де аяқтаған. Астана қаласының жаңа көшелерінің біріне атақты сазгердің де есімі берілген.
«Алматы қаласының әкімі қаланың Республика сарайы жанындағы саябақтан ескерткіш ашу үшін 2014 жылғы 20 наурызға дейінгі мерзімге уақытша пайдалануға жер телімін берді. Алайда ескерткіш орнатуға қаражат бөлінбеуіне байланысты сазгер ескерткіші аталған мерзімде орнатылмай қалуы мүмкін», - дейді Қ. Айтаханов. Осыған орай, сенатор Үкімет басшысынан бүкіл саналы ғұмырын ұлтының рухани кемелденуіне арнаған, биік рухты, мәңгі өшпес әндері арқылы халықты отансүйгіштікке, ел мен жерге адалдыққа тәрбиелеуге қызмет етіп келе жатқан Ш.Қалдаяқовтың атына сай еңселі ескерткіш орнатуға бюджеттен қаржы қарастыруды сұрады.