Алматыда шағын кәсіпкерлер саны 30 пайызға өсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполисте 343 мың шағын және орта бизнес бар, бүгінгі күні оның 277 мыңы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. «Мегаполисте 343 мың субъекті болса, оның 277 мыңы жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті», - деді Айтуар Қошмамбетов.
Спикердің сөзінше, 2022 жыл отандық бизнес үшін, әсіресе алматылық кәсіпкерлер үшін оңай болған жоқ. Алматыда жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы ұмытылған жоқ, оның кәсіпкерлерге тигізген әсері әлі де бар.
«Жағдай қалыпқа келгеннен кейін біз жедел желі ашып, бизнестің қалай және қандай көлемде зардап шеккені туралы ақпарат жинауды бастадық. 2000-нан астам қоңырау келіп түсті. Алматыда зардап шеккен 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі анықталды. Олардың есептеулері бойынша жалпы шығын көлемі 94,8 млрд теңгеден асқан», - деді ол.
Биыл «Атамекен» ҰКП бастамасымен Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер мен морадерліктен шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу бастамасын қолдап, нәтижесінде бизнес қауымдастықтың ұсыныстарын ескеретін механизм әзірленді.
«Өтіп бара жатқан жылдың ішінде келтірілген залалды өтеу жөніндегі комиссияның 40 отырысы өткізіліп, «InfoKazakhstan» порталына түскен барлық өтініштер қаралды. 16,1 млрд теңгеге 1640 өтінім қолдау тапты. Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасынан 67 ірі бизнес субъектісі зардап шекті, оның 62-сі Алматыға тиесілі», - деп атап өтті Айтуар Қошмамбетов.