Алматыда шағын және орта бизнес субъектілері 22% өскен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шағын және орта бизнес саласында 860 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде Алматы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда шағын және орта бизнес субъектілері 22% өскен

Спикердің айтуынша, қала экономикасының басым бөлігін, яғни, 57,5%-ын шағын және орта бизнес құрайды. Онда экономикалық белсенді халықтың 83%-ы жұмылдырылған.

«Қалада барлығы 380 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% - ға өскен. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны - 323 мың, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 39% - ға жоғары. Айту керек, мегаполис еліміз бойынша бұл көрсеткіште бірінші орында тұр. Кәсіпкерлік бастамалардың арқасында Алматы бүгінде ел экономикасының бестен бір бөлігін, бюджет кірісінің төрттен бірін қамтамасыз етеді. Шағын және орта кәсіпкерлік қала экономикасының іргетасы болып табылады. Бизнесті мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары қолданылады»,- деді Берік Солтанбаев.
Спикердің сөзінше, кәсіпкерлікті қолдау аясында қала келесі шараларды ұсынады:
- жеңілдікпен несиелендіру ( 6% кепілмен 500 млн теңгеге дейін, кепілсіз 12% 6 млн теңгеге дейін);
- қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау (кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме 8%);
- инновациялық бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз негізде 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беру;
- қарызға кепілдік беру (85% дейін);
- инвестициялық жобалар үшін жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу;
- факторингтік мәмілелерді қаржыландыру (8,5% - дан 100 млн теңгеге дейін);
-бизнес-идеялардың пайда болуынан бастап қаржыландыруға дейін консультациялық қызметтер көрсету;
- резиденттері салық және кедендік төлемдерден босату түріндегі преференциялармен қамтамасыз етілетін Индустриялық және Арнайы экономикалық аймақтың аумақтарында жер учаскелерін беру;
- ШОК субъектілері үшін қолжетімді өндірістік алаңдарды ұсыну (шағын өнеркәсіптік парктерде);
- демалыс күндері жәрмеңкелерде сауда орындарын жеңілдікпен жалға беру.
Алматы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы аталған мемлекеттік қолдау шаралары үшін биыл 48,5 млрд теңге бөлінгенін, бүгінгі таңда жалпы несие сомасы 84,9 млрд теңгеге 1 119 жоба қаржыландырылғанын атап өтті.