Алматыда Шәкен Аймановқа ескерткіш орнатылды
«Бұл - «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сынды сүбелі туындыларды дүниеге әкелген санқырлы талантқа көрсетілген құрмет. Мүсіннің Алматы қонақүйінің алдына орнатылуының өз себебі бар. Кинорежиссердің атақты «Тақиялы періште» фильмінің негізгі кадрлары осы жерде түсірілген. Енді кейінгі ұрпақ дара тұлғаны еске алып, оның мүсінінің жанында суретке түсе алады», - делінген ақпаратта.
Шығармашыл жанның бүкіл болмысын ашқан мүсіннің авторы Нұрлан Далбай.
Салтанатты шараға жиналған өнер майталмандары Шәкен Айманов жайлы естеліктерімен бөлісті.
«Планеталық адам бар болса - бұл нағыз Шәкең. Москвада бірінші бүкіләлемдік кинофестивальде жүргізуші биді хабарлап, буги-вуги деп айтты. Жаңа шыққан кезі еді. Шәкең соны Элизабет Тейлормен билеп, бірінші орын алғанына куәгермін», - деді Қазақстанның Еңбек Ері, актер Асанәлі Әшімов.