Алматыда Шәмші Қалдаяқовқа арналған жиын өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Шәмші Қалдаяқовтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Ән өнерінде ерекше құбылысқа айналған қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов көзі тірі болғанда 79 жасқа толар еді. Келесі жылы 80 жылдығы болады. Соның алдында біз үлкен бірқатар іс-шаралар бастап жатырмыз. Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының ұйымдастыруымен былтырғы жылы дәл осы күні "Шәмші" атты ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық журналы шыққан. Биылғы жылы "Шәмші" журналы ұлттық кітапханамен бірлесіп «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» деген кітап көрмесі мен «Шәмші Қалдаяқовтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны» дөңгелек үстел жиынын өткізіп жатыр. Оған Шәмші шығармашылығына етене жақын кісілерді шақырып отырмыз. Бірге оқыған, бірге сырласқан, Шәкеңнің талай жақсы әндерінің шығу тарихына себепкер болған, сол әнді халыққа жеткізген әншілер, Шәмші шығармашылығы туралы жазған жазушы, журналист ағаларымыз қатысып отыр», дейді Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының директоры Қалдыбек Әбенов.
Оның айтуынша, бұл шараға сондай-ақ Шәмші жайлы түсірілген жалғыз телефильмнің режиссері Тілек Ахметов шақырылып отыр. Егер ол телефильм болмағанда біз қазір Шәмші ағамыздың бейнесін тек суреттен ғана көрер едік.