Алматыда «Шәмші» журналының 1 жылдығына арналған концерт өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көзі тірісінде-ақ, «қазақ вальсінің королі» атанып, халқының ықылас-пейіліне бөленген біртуар сазгердің дүниеден озғанына 17 жылдың жүзі болды. Содан бері композитордың есімін ұлықтауда біршама істер атқарылғанымен, жүйелі түрде жұмыс жүргізілмеді. Осы олқылықтың орнын толтыруды Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының құрылтайшылығымен жарық көріп жатқан «Шәмші» ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық журналы өз қолына алып отыр. Қазірге дейін басылымының 12 нөмірі жарық көрді. Онда Шәмші Қалдаяқовқа қатысты барлық материалдар - «Сол бір кез есімде...», «Сарғайған суреттер сыры», «Шәмшінің әні», «Аманат», «Көзкөрген», «Ән-аға» деп аталатын айдарлар бойынша жарияланып келе жатыр. Шәмші есімімен аталатын журнал мемлекеттік рәміздерді насихаттап, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуге және олардың бойына отансүйгіштік дәнін сеуіп, рухани байлығын арттыру жолында да талмай еңбек етіп келеді. Онда сондай-ақ, экономикалық, саяси сараптамалар, тарихи-танымдық материалдар, батыл болжамдар мен жастар мәселесі, ұлттық патриотизм мен салауатты өмір салты, тіл мен ділге қатысты өзге де мәселелер басты назарға алынған.