Алматыда шаңғы спортынан Әлем біріншілігі аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде жасөспірімдер арасында (17 жасқа дейін) шаңғы спортының солтүстік түрлері және жастар арасында (23 жасқа дейін) шаңғы жарыстары бойынша Әлем чемпионаты аяқталды.

Алматыда шаңғы спортынан Әлем біріншілігі аяқталды

Халықаралық шаңғы спорты федерациясы ірі халықаралық жарыстың жоғары деңгейде өткенін мәлімдеді.

Біріншілікте Норвегия құрама командасы 10 алтын, 4 күміс және 4 қола медальді жеңіп алып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын тұғырына Ресей құрамасы көтерілді. Олардың қоржынында 4 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль бар. Ал Германия құрама командасы 5 алтын, 5 күміс және 2 қола медальмен үшінші орынға тұрақтады.

Чемпионат барысында жалпы командалық есепте Норвегия құрамасы көшбасында жүріп отырды.

«Шаңғы жарысы - Норвегияда нөмірі бірінші спорт. Футболдан да танымал. Шаңғы жарысын - біздің ұлттық спортымыз деуге болады. Сондықтан да норвегиялық спортшылар әлемдік жарыстарға қашанда қуана қатысады», - деді өз сөзінде Норвегия құрама командасының бас жаттықтырушысы Брит Балдишол. Дегенмен, германиялық шаңғышы Виктория Карл біріншіліктің басты қаhарманына айналды. Ол өз командасының қоржынына спринтерлік қашықтықта және 5 шақырым жеке жарыста екі алтын және скиатлоннан 10 шақырымдық жарыста бір күміс медаль салды.

Ал Қазақстан құрамасына келер болсақ, жастар арасында өткен 15 шақырымдық шаңғы жарысында Рината Мухина алғашқы ондыққа ілінді. Бұл - біз үшін үздік нәтиже. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының өкілдері жарыстардың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

«Ұйымдастырушылар құлшына жұмыс істпеді. Өздеріне тиесілі міндеттерді жедел атқаруға тырысты. Жарақтандыру жақсы деңгейде. Киім ауыстыратын бөлмелер, спортшыларды жайғастыру, асхана - барлығы нормаға сай болды» - деді Халықаралық шаңғы спорты федерациясының үйлестірушісі Тони Гугемос.