Алматыда «Шаңырақ-1» және «Шапағат» шағынаудандарында 32 шақырым жаңа жол салынады
«Алатау ауданына алғаш келген кезімде «Шаңырақ-1» шағынауданының тұрғындары орталық Өтемісұлы көшесіне жөндеу жүргізу туралы өтініш білдірген болатын. Тұрғындардың осы өтінішін ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі әл-Фараби даңғылын жөндеуге жоспарланған қаражаттың бір бөлігін алды. Бұл қаражаттарды магистральдық маңызы бар Өтемісұлы көшесін орташа жөндеуге бағыттау туралы шешім қабылдады. Жұмыстар басталып та кетті, оны биыл қыркүйекте аяқтаймыз»,- дейді Алматы әкімі.
Сонымен қатар, ол Райымбек даңғылында орташа жөндеу жұмыстары басталғанын мәлім етті.
«Тамыз айында Рысқұлов даңғылындағы асфальт төсемін ауыстыруды бастаймыз. Бұл учаскелер осы жылдың қараша айына дейін толығымен аяқталады. Сонымен қатар, қараша айында 7 шағынауданда ұзындығы 53 км астам 47 көшедегі жолдарды орташа жөндеу аяқталады. Олар «Ақбұлақ», «Дархан», «Саялы», «Ұлжан», «Өжет», «Көк-Қайнар», 14-ші аумақта орналасқан»,- деді Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек, қараша айының ортасына дейін «Алғабас» шағынауданында ұзындығы 10 шақырым жолдың құрылысы аяқталады. «Шаңырақ-1» және «Шапағат» шағынаудандарында орталық сумен жабдықтау және кәріз желілері төселгеннен кейін 32 шақырым жаңа жол салынады.