Алматыда «Шеберлер қаласы» жәрмеңке-көрмесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 22 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы «Астана» алаңында Наурыз мерекесіне орай «Шеберлер қаласы» жәрмеңке-көрмесі өтіп жатыр.

Алматыда «Шеберлер қаласы» жәрмеңке-көрмесі өтіп жатыр

Оны «Our Heritage»қоғамдық қоры қалалық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Кеше басталған бұл шара 3 күнге созылмақ. Мақсат - қолөнершілерді дәстүрлі техникалар мен материалдарды қолдануға ынталандыру, аймақтағы мәдени әралуандықты сақтау және халық шеберлерінің жетістігін жалпы жұртшылыққа таныстыру. «Шеберлер қаласы» бағдарламасына шеберлік-дәрістерін өткізу мен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі еніп отыр.

«Жәрмеңкеге Қазақстан мен Қырғызстаннан 20-ға жуық қолөнерші қатысып жатыр. Киіз басудан қазір елімізде өз ұлтымыздың арасында санаулы ғана шебер бар. Өкінішке қарай, оны үйренуге өз қандастарымызға қарағанда өзге ұлт өкілдері ерекше қызығушылық білдіруде. Соның нәтижесінде қазақтың киізден жасалатын сәндік және кәделік бұйымдары бойынша қазір олардың шығарғандары басым болып отыр», - дейді «Балатай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлән Жанғұтты. Оның айтуынша, алдағы айда мұндай жәрмеңке енді Астана қаласында да өтпек.

Шеберлік дәрістері қазақтың халықтық 13 қолөнер түрі бойынша өтуде. Онда киіз бойынша қазақстандық «Шебер» байқауының жеңімпазы Күлән Жанғұтты, қазақтың дәстүрлі кестесінен «Біз кесте» бойынша БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) байқауының жеңімпазы Зейнелхан Мұхамеджан, керемикадан қышшы Абай Рысбаев пен Марат Сәрсенбаев, зергерлік өнерден ЮНЕСКО және «Шебер» байқауларының жеңімпаздары Аман Мұқажанов пен Сержан Баширов және Қалмырза Тасов, ағаш оюдан Наги Иманбаев, қайыс тоқудан Сейфулла Рыстан өз шеберлігінің қыр-сырымен бөлісуде.