Алматыда шегірткеден келер қауіп жоқ - мамандар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шегірткеден келіп тұрған қауіп жоқ, деп жауап берді құзырлы мекеме мамандары ҚазАқпарат тілшісінің сауалына. 

Алматыда шегірткеден келер қауіп жоқ - мамандар

«Норматив бойынша 1 шаршы метр жерде 5 шегірткеден аспаса, ол қауіпті болып саналмайды, оны жою жұмыстары жүргізілмейді. Менің мәліметтерім бойынша, бірен-саран жағдай болмаса, Алматыда жаппай шегірткелердің көшуі байқалған жоқ. Негізінен, өсімдіктер үшін пайдалы шырылдауық шегірткелер ғана бар», - деді Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар методикалық орталығының жетекшісі Серікхан Шарықбаев.

Сондай-ақ, аймақтық инспекция да қалалық жасыл желектерге шегірткелерден қауіп жоқ екенін растады.

«Біз қала тұрғындарының шақыртуымен кейбір орындарды тексердік, шырылдауық кәдімгі шегіртке болмаса, көкқасқа қауіпті шегіртелер өте аз кездесті», -деді Алматы қаласы бойынша Ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитетінің аймақтық инспекция мамандары.

Еске сала кетейік, жаз маусымының басында алматылықтар қалада обыр шегірткеге ұқсас жәндіктердің қаптап кеткені туралы шағымданған болатын.