Алматыда шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы туралы алқалы жиын өтеді

АЛМАТЫ. 13 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 14 қазанда «Шетелдік қазақ жастары: Қазақстанда білім алуы мен орнығуы» деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісі болады.

Алматыда шетелдегі  қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы туралы алқалы жиын өтеді

Оны Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры, «Руханият» Жасылдар партиясы және «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағы ұйымдастырып отыр.

Елбасы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде «Мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенге оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын! Шет елдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялық өндіріске жұмысқа тарту керек», деген еді. Сол себепті бұл шара Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік қазақ жастарының атамекенге келуі мен білім алуы және жаңа ортада орнығуы мәселелерін ортаға салып, шешімін күткен мәселерді тиісті орындарға жеткізу мақсатында ұйымдастырлып отыр. Оған шетелдік қазақ жастары, жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, этномәдени орталықтар мен саяси партиялардың және қалалық мәслихаттың депутаттары қатыспақ. Бұл шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Бейбiтшiлiк пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өтпек. Жалпы биылғы жыл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы жылы» деп жарияланған болатын. Аталмыш басқосу қалалық ішкі саясат басқармасының жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан шетелдік студенттер арасындағы қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін насихаттау бойынша жүргізілетін кешенді іс-шаралар жоспары бойынша жүзеге асырылуда.