Алматыда шетелдік азамат ұрлық үстінде ұсталды
«Шаңырақ» шағынауданында таңғы сағат 8:00 шамасында №45 бағдар бойынша қатынайтын қоғамдық көлік ішінде жас қыздың қалтасына түсіп, ұялы байланыс телефонын қолды еткен өзбекстандық ұсталды. Дәл осы кезде Алатау ауданы ІІБ криминалдық полициясы арнайы бөлімшесінің өкілдері қоғамдық көліктерде бақылау жүргізу үстінде болған. Полицейлер аталған оқиғаны байқап қалып, 1983 жылы туған Өзбекстан азаматын ұстады. Оның Қазақстанға жақында ғана келгені анықталды», - делінген хабарламада.
ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, күдікті тұра алмай, қиналып жүргендіктен осындай қылмысты қадамға барғанын айтқан.
«Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде. Жәбірленуші өз телефонын танып, қайтарып алды. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша іс қозғалады», -делінген хабарламада.