Алматыда шіркеудегілерді шошытқан «лаңкес» 2 жылға сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Никольск шіркеуінде жарылыс жасалатыны туралы жалған хабар берген «лаңкес» екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі  Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматыда шіркеудегілерді шошытқан «лаңкес» 2 жылға сотталды

«Айыпталушы Ж. ҚР ҚК 273-бабында көрсетілген (террорлық актісі туралы жалған ақпарат тарату) қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл жалпы режімдегі түзеу колонияда жазасын өтейтін болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді сот залынан.

Іс барысында анықталғандай, сотталушы 2016 жылдың 11 қыркүйегінде сағат 07.13-те Алматы қаласының Мәуленов-Гоголь көшелері қиылысында тұрып, жалған ақпарат тарату туралы ойлаған.

Осыдан кейін ол таксофоннан ІІД-нің 102 нөміріне хабарласып, 11 қыркүйек күні Алматыдағы Никольск шіркеуінде сағат 10.00-де жарылыс болатыны, оған астыртын дайындық жүргізіліп жатқаны туралы жалған ақпарат берген.

Айыпталушы сотта өз кінәсін толығымен мойындады.