Алматыда ШҚО-дан ет тасымалдайтын дистрибьюторлық орталық ашылмақ
Алматы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков екіжақты ынтымақтастықты арттыру бойынша келісімге келді.
«Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 28 мың бас ірі қара ұстайтын 96 бордақылау алаңы бар. Мұнда Канада, АҚШ және Австралияның «Angus», «Герефорд», «Charolais» тұқымды етті малдары сойылады. Осыған байланысты, ШҚО-дан сапалы ет тасымалдау үшін дистрибьюторлық орталық ашу мəселесін талқыладық. Бұл ШҚО-ның ет брендін қалыптастыруға септігін тигізбек» - деді ШҚО әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Алматы кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін ұсынды. Осылайша, кәсіпкерлерге сатып алынатын жабдық пен көлік құнының 50% өтелетін болады. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен кəсіпорын инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі және жер телімдерін бөлу мен тіркеу бойынша көмек көрсетіледі.
Бұл жобаға алматылық «ИСКБ» компаниясы инвестиция салуға əзір.
Бұл компания Алакөл көлінің жағасында мейрамхана салған.
Кəсіпкер Шығыс Қазақстан облысында мал сою орнын ашу және сүтті терең өңдеу арқылы сүт фермасын салуға дайын.
Дайын өнімді кəсіпорын өзінің мейрамханасына және Алматы нарығына жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұдан басқа өңіраралық ынтымақтастық аясында Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің артып келе жатқандығы айтылды.
Алматы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы таратқан ақпаратқа сəйкес, 2016 жылы 416 тонна, ал 2017 жылы 1000 тонна сүт өнімі жеткізілген.