Алматыда шомылу маусымы басталғалы 10 адам құтқарылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл қалада суға шомылу маусымында, құтқарушылар 10 адамды құтқарды. Оның төртеуі бала. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исхар Савазов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, үш жылда 64 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылған.
Сонымен қатар, ол қазір күннің салқындауына байланысты суға шомылу аса қауіпті екенін атап өтті.
«Адам ағзасы суда тоңып қалса жазатайым оқиға ұрынуы мүмкін, сіңірі тартылып қалуы ықтиимал»,– деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы.
Исхар Савазовтың сөзінше, құтқарушылар жергілікті полиция қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімнің әскери қызметшілерімен, Қызыл Жарты Ай қоғамының, еріктілер ұйымының өкілдерімен бірлесіп күн сайын су айдындарында рейд өткізеді. Жағажайға заңды өкілдерінсіз келетін балалармен профилактикалық әңгіме жүргізеді, ересектің бақылауынсыз суға шомылудың қауіпті екенін түсіндіреді.
Құтқарушылар демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Биыл қалада суға шомылу маусымында, құтқарушылар 10 адамды құтқарды, оның төртеуі бала. Жалпы осы маусымда 800-ден астам бірлескен рейд өткізіліп, оның барысында «судағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған 7 800-ден астам үн парақ таратылды.
Осындай патрульдердің арқасында қоғамдық орында ішімдік ішкен 34 ереже бұзушы анықталды. Барлық тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 495 890 теңге.
«Белгіленбеген орында суға түскені үшін 364-бап бойынша «ортақ су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 7 адам жауапқа тартылды. Тәртіп бұзушыларға қатысты ескерту шарасы қолданылды», – деді Исхар Савазов.
ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Алматы тұрғындары мен қонақтарын жағадан алыс жүзбеуге, рұқсат етілген жерде ғана шомылуға шақырды.
«Егер сіз жүзе алмайтын болсаңыз, рұқсат етілген жерде шомылсаңыз да, белден жоғары суға кірмеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Қайық, көпір және айлақтардан суға секірмеңіз, ұзақ уақыт жүзбеңіз, тоңып және шаршап қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ, түнгі уақытта және мас күйде шомылу қауіпті», – деп атап өтті ол.