Алматыда «Шымшықты да, қараторғайды да үйсіз қалдырмаймыз» атты акция өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен, Алматы қаласының табиғи ресурстар және табиғатты қолдануды реттеу басқармасының және қалалық жас натуралистер стансысының ұйымдастыруымен өтті.
"Акцияның мақсаты - балаларды табиғатты қорғау жұмысына ат салуға, сонымен қатар, табиғатқа жақын болуға шақыру, сондай-ақ, табиғатты қорғауда олардың бойындағы жауапкершілікті қалыптастыру болып табылады", деді Табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Марат Кесікбаев. Оның айтуынша, шараға 100-дей мектеп оқушылары мен барлық ауданның мұғалімдері қатысқан. "Оқушылар құстарға арналған үйлерді өз қолдарымен жасады және бәрі бір кісідей орманшыларға үйлерін ағашқа ілісуге көмектесті. Одан кейін олар шағын орманның аумағын тазалауға ат салысты", деді Марат Кесікбаев.
Баума шағын орманы - Алматыдағы ең ірі жасыл сілем. Аумағы- 140 гектар. Бұл жерге 1892 жылы қаланың көгалдандыруына үлкен үлес қосқан, танымал ғалым-орманшы Эдуарда Баумның (1850-1921) бастамасымен ағаш егілген болатын.