Алматыда Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» хикаяты бойынша сахналанған жаңа қойылымның тұсаукесері өтеді
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мамырдың 23-і күні Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қызыл орамалды шынарым» деп аталатын драмалық қойылымның тұсаукесері өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі бөлімді бұл туынды Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» хикаяты бойынша сахналанып отыр. Әлемнің көптеген тетрларында қойылған бұл пьеса Балалар мен жасөспірімдер театрында осыдан 45 жыл бұрын сахналанған болатын. Ол Мәскеуде өткен театр фестивалінде жүлде алып, Чапай Зұлқашев, Байділдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Роза Әшірбекова сынды сахна шеберлері мемлекеттік марапатқа ие болды. Енді оны Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қайта сахналап отыр. Қоюшы-суретшісі ҚР Мәдениет қайраткері Бақыт Сраилов.
Қойылымдағы рөлдерді Сәкен Рақышев, Жұлдызбек Жұманбай, Аида Жантілеуова, Еділ Рамазанов, Жанар Мақашева, Бекен Кемалданов, Әсет Иманғалиев, Еркін Әбдірешов пен Сағат Жылгелдиев сомдамақ.