Алматыда синтетикалық есірткі өндіретін 5 зертхана жойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда синтетикалық есірткі өндіретін бес зертхана жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда синтетикалық есірткі өндіретін 5 зертхана жойылды

Бүгінгі күні синтетикалық есірткілер мен оларды шығаруға арналған зертханалар ғаламдық мәселелердің бірі. Жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы полициясы синтетикалық есірткі шығаратын бес зертхананы жойды.

«Есірткі зертханалары курьерлік қызмет түрін кеңінен қолданады. Синтетикалық есірткілер, сондай-ақ, зертханаға арналған түрлі реактивтер мен компоненттер біздің мемлекетіміздің аумағына әр түрлі елдерден көлік-логистикалық компаниялармен келеді, олардың ішінде 1 500-ден астам ұйым тек қалада тіркелген. Биыл біз синтетикалық есірткіні Ресей Федерациясынан курьерлік қызметтер арқылы тасымалдаудың тоғыз жағдайын анықтадық. Осылайша, Алматы маңында екі жас жігіт есірткі зертханасын ұйымдастырды және РФ логистикалық компаниясы арқылы синтетикалық есірткі өндірісінің түрлі компоненттерін алды. Тінту кезінде шамамен 80 келі әртүрлі қышқылдар, сонымен қатар, жалпы салмағы 25келі сатуға дайын «Жылдамдық» заты тәркіленді. Бұл өнімнің бағасы 350 млн теңгені құрайтын еді, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Сонымен қатар, спикер есірткі бизнесімен байланысты қылмыстардың жаңа форматтарға ие болғандығын тілге тиек етті.

«Синтетикалық есірткіні байланыссыз әдіс, интернет арқылы электронды төлемдермен тарату тенденциясы байқалады. Қылмыстың бұл түрін, әдетте, бір адам емес бір топ жасайды, әр қатысушының рөлдері айқын. Жыл басынан бері қалада ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен ұйымдастырудың екі фактісі анықталды, «киви-әмияндарды» қолданып, «гашиш» есірткісін байланыссыз сатумен және таратумен айналысқан жеті адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, осы жылдың 11 айында есірткіні тарататын және жарнамалайтын 207 интернет-сайт анықталғанын айта кеткен жөн. Олар бұғатталды», – деп түйіндеді Алмағамбетов.