Алматыда сирек кездесетін дертке шалдыққан адамдарға дәрі-дәрмек тегін беріледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда сирек кездесетін аурулары бар 500-ден астам пациент бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда сирек кездесетін дертке шалдыққан адамдарға дәрі-дәрмек тегін беріледі

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласына қосымша 3,8 млрд теңге бөлу ұсынылады. Бұл қаражаттың бір бөлігі орфандық аурулары бар адамдардың қажеттіліктеріне бағытталады.

«Сирек кездесетін (орфандық) аурулардың 8 түрі бойынша 553 пациентті тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін 495,3 млн теңге қарастырылған», - деп нақтылады Қанат Сухамбеков.

2017 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қажет ететін орфандық аурулары бар науқастардың саны 40 еседен астам өсті. 2017-2022 жылдар кезеңінде қаржыландыру сомасы 8 есеге артты. Сонымен қатар ол Алматыда 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталатынын айтты. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 158,3 млн теңге қарастырылған. Орталықтандырылған зарарсыздандыру бөлімшелерін жарақтандыруға және медициналық жабдықтарды сатып алу үшін 12 медициналық ұйымға жалпы сомасы 2,3 млрд теңге бөлінеді.