Алматыда сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының мәселелері» атты республикалық конференция-көрме болып өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда Қазақстан кітапханаларының және республикалық кітап мұражайының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан 400-ден аса құнды жәдігерлері қойылды. Жиын барысында Қазақстан кітапханаларындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының қазіргі жағдайы мен оны толықтыру, сақтау, қайта қалпына келтіру және т. б. мәселелер талқыланды. Конференция-көрменің жұмысына республикалық кітапханалар басшылары және сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, Ұлттық академиялық кітапхананың, Облыстық әмбебап ғылыми кітапханаларының, ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасының, Республикалық кітап мұражайы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жетекші мамандары және басқалар болды.

«Ұйымдастырылып отырған бұл шараның ең көне жәдігері - ХІІ ғасырдан жеткен қасиетті Құран кітабы. Ол еліміздегі ең көне кітап болып табылады. Сонымен бірге, ХVІІІ ғасырда басылған Құран кітабының салмағы 9 келі тартады. Көрмеге біз Ясауидің хикметтері (ХІХ) мен Бақырғанидың еңбектерін (ХVІ) де қойып отырмыз. Оған қоса, көрмеде ХVІ-ХІХ ғасырлар аралығын қамтитын Еуропа және орыс кітаптары көрініс тапқан», деді ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының меңгерушісі Набат Мұсаханқызы.

Кітап көрмесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің кітапханасы да өз құндылықтарын ұсынды. Басқосу соңында сирек кітаптар және қолжазбалар қорымен жұмысты жетілдіруге бағытталған бірнеше ұсыныстар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар