Алматыда соғыс ардагері Николай Таратунин 100 жасқа толды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері – шекарашы, «Қызыл жұлдыз» орденінің екі дүркін кавалері, бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Құрмет» ордендерінің иегері, отставкадағы полковник Таратунин Николай Александрович 100 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда соғыс ардагері Николай Таратунин 100 жасқа толды
Фото: пресс-служба акимата Алматы

Николай Таратунин 1941 жылы құрдастарымен бірге Отанды қорғау үшін майданға аттанады. Батыс, Сталинград, Украина майдандарында жанкештілікпен шайқасып, жерімізді басқыншылардан қорғады.
Соғыстан соң Алматыдағы жаяу әскерлер училищесінің курсанты атанды. Оқуды жақсы аяқтап, Түркиямен, Иранмен, Қытаймен, Жапониямен шекаралас аймақтарда әскери қызметін өтеді. Бүгінде соғыс ардагері Николай Александрович ұлымен бірге тұрады, үш немересі, төрт шөбересі бар. 9 мамырда бәрі жиналып, ардагер аталарын Жеңіс күнімен құттықтайды.
Майдангерді Алматы әкімдігінің, «Застава Тарландары» ардагер шекарашылардың республикалық қоғамдық ұйымының, қалалық Ардагерлер кеңесінің, АMANAT партиясының өкілдері, қорғаныс жөніндегі басқарманың әскери қызметшілері, Жас сарбаз әскери-патриотттық клубының жасөспірімдері, ҚР Қорғаныс Күштері әскери-патриоттық орталығы филиалының өкілдері, ҰОС -ның соғысы мен тыл еңбекккерлері Ардагерлер Кеңесінің қоғамдық қоры, ҰҚК шекара қызметінің әскерилері құттықтады.


Әкімдік және кәсіпкерлер әскери шекаралық гарнизонмен, техниканы жөндеу жөніндегі басқарманың және ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскерилерімен бірге ардагердің үйін жөндеп, аула айналасын тазартып берді.
Айта кетерлігі, мемлекет, бизнес өкілдері, ҮЕҰ, әскери бөлімшелер ардагерлерге тек Жеңіс күні ғана емес, үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп келеді. Ақшалай төлемдер, түрлі жеңілдіктер жасалып, оның ішінде медициналық көмек те көрсетіледі.
Бүгінгі күні Алматы қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 58 ардагер қалды. Олардың әрқайсысына Жеңіс күніне орай 1,5 миллион теңгеден беру жоспарда.