Алматыда соңғы екі күн ішінде 676 заңсыз мигрант ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда соңғы екі күн ішінде жеке тұрғын үйлер секторында жүргізілген тексеру шаралары барысында 172 нысаннан таяу шет елдердің 676 азаматы анықталды.
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы бойынша салық департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Анықталған азаматтардың ешқайсының рұқсат құжаттары болмаған.
Бұл мигранттар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін ел аумағынан шығарылады.
Салық департаменті тағы да жұмыс беруші-жеке тұлғаларды тиісті заңның нормаларын сақтауға шақырады.
ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының нормаларын бұзу, яғни егер жұмыс беруші-жеке тұлға еңбек мигранттарын ішкі істер органдары беретін тиісті рұқсат қағазынсыз үй шаруашылығындағы жұмыстарға тартатын болса немесе кем дегенде бес еңбек мигрантымен үй шаруашылығында атқарылар жұмыстар мен қызметтер бойынша еңбек келісімшартын жасамаса, онда ол «Әкімшілік құқықбұзушылықтар» Кодексіне сәйкес, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Ал егер де шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ тұлға Қазақстан Республикасында заңсыз еңбек ететін болса, онда ол 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді және ел аумағынан шығарылады.
Жалпы, 2014 жылдан бері халықтың көші-қон мәселесіне қатысты заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес, еңбек мигранттарының ел аумағына кіріп, еңбек ету үшін алатын рұқсат құжаттары оңайлатылған тәртіп бойынша берілетіні белгілі.
Осылайша, жыл басынан бері 3514 мигрант рұқсат құжаттарын оңайлатылған тәртіп бойынша алған. Олардың бюджетке төлеген жеке табыс салығының көлемі 35,2 млн. теңгені құрады.
Алматы қаласының салық органдары тұрақты негізде көші-қон полициясымен бірге ел аумағында заңсыз еңбек етіп жүрген шет елдік азаматтарды анықтау жұмыстарын жүргізіп отырады.