Алматыда соңғы үш күн ішінде некелік шерулер құрамындағы 81 автокөліктің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда соңғы үш күн ішінде некелік шерулер құрамындағы 81 автокөліктің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Олар жолда орағыту, басқа көліктерден басып озу, жол қозғалысы ережелерін бұзған. Кейбір жүргізушілер тіпті автокөлігінің салонынан тыс жеріне жолаушылар отырғызып айдаған.
Жаз мезгілінде неке тойлары көбейетіні белгілі. Сондықтан да, қала көшелерінде демалыс күндері некелік шерулер саны арта түседі. Бірақ, өкінішке қарай, осының салдарынан жол қозғалысы ережелері де көп бұзылады. Осы себептен Алматы қаласының полиция қызметі некелік шерулердің құрамында жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті.
«Әсіресе демалыс күндері қарбаласқа толы болады. Бірнеше ондаған көліктен тұратын некелік шерулер орталық магистралдармен ғана емес, екінші дәрежелі көшелермен де жүреді. Қарсы жолаққа шығып кету, бағдаршамның қызыл шамы жанса да жол қиылысынан өтіп кету, жол қозғалысы ережесін бұзу, апаттық жағдай тудыру, жылдамдық ережесін және көлікті тұраққа қою ережесін бұзу - олар үшін үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Бұл өрескел ереже бұзушылық болып табылады және оны жасағандар қатаң жауапкершілікке тартылады», - деді өз сөзінде Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Алмасбеков.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзу - жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіретіндігін жеткізді.
«Тіпті кей жағдайда қозғалыс барысында кейбір жолаушылар көліктердің люктерінен және терезелерінен бастарын шығарады немесе көлік жүргізушілері дабылдарын бей-берекет қосады. Ал бұл, әрине, басқа көліктердің жүрісіне кедергі келтіреді, апатты жағдай туғызады», - деді Нұрлан Алмасбеков.