Алматыда Совминка аталып кеткен клиникалық аурухана ұлттық госпиталь болып қайта құрылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бұрынғы орталық клиникалық аурухана ұлттық госпиталь болып қайта құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР Үкіметінің былтырғы 2 тамыздағы №523 қаулысы негізінде «ОКА» АҚ жекешелендіруге арналған объектілер тізбесінен алынып тасталды. Ол осылайша Президент Іс басқармасы медицина орталығының ұлттық госпиталі шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылады.
«Жекешелендіру тізбесінен шығаруды мақұлдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытындысына сәйкес, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚР Президенті Іс басқармасы медицина орталығының ұлттық госпиталі республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құруға келісім берді. Медицина мекемесін қайта құру аурухананы одан әрі дамыту үшін қажет, бұл шара аурухана пациенттеріне ешқандай өзгеріс әкелмейді», - делінген «Орталық клиникалық аурухана» АҚ хабарламасында.
Госпиталь бұрынғы ғимарат пен мекенжайында қала береді.
Қазіргі уақытта қаулы жобасы 25 шілдеге дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланған.