Алматыда спорт саласындағы түйінді мәселелер талқыланды

АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Биыл еліміздің барлық аудандарында және Алматы мен Астана қалаларында жүргізілген республикалық әлеуметтік зерттеулер еліміздегі тұрғындардың 8,9 пайызы спортпен шұғылданатынын көрсетті.

Алматыда  спорт саласындағы түйінді мәселелер талқыланды

Ал қалғандары спортпен сирек айналысса, кейбірі тіпті шұғылданбайды да. Бұл туралы бүгін Алматыда «Мемлекеттің басты мақсат-міндеттері - спорт пен туризмді дамыту» атты тақырыппен өткен «дөңгелек үстел» отырысында «Қазақстан спорты одағының» төрағасы Ерлан Жаңғұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, ел тұрғындарының 63,6 пайызы бос уақыттарын телебағдарламаларды қараумен өткізеді. «Сондықтан бұл мәселенің шешімін табу керек»,- деп атап өтті ол.

«Зерттеу барысында барлық аймақта спорттық құрал-жабдықтар бағасының қымбаттылығына байланысты қолжетімсіздігі мен бар жабдықтардың сапасыз екендігі байқалды. Сондықтан арнайы комиссия құрып, барлық спорт мекемелерінде спорттық құрал-жабдықтардың қамтылуы мен сандық-сапалық қажеттілігін анықтау қажет. Ауылдар мен аудан орталықтарында спорттық нысандар мен спорт залдары аз. Оның себебі нысандарға бөлінетін қаржының аздығынан болып отыр. Бұл мәселеде инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ құрылыс, автомобиль жолдары басқармасы тұрғын үй кешендерін салу барысында спорттық алаңдардың міндетті түрде енуін қарастыру керек. Балалар алаңдардың жеткіліксіздін айтуда»,- деп атап өтті Ерлан Жаңғұлов.

Ол жиын барысында ұлттық спортты дамыту жолын алға қою керектігін атап өтті. «Корея елінде дзюдо ұлттық спорт түрі болып саналатыны белгілі. Басқа да әр ел өзінің ұлттық спортын дамытуға үлкен үлес қосуда. Біздің елде бұл жағы кенже қалып отыр. Біз сондықтан ұлттық спорттың бірі болып саналатын қазақша күресті сынақ ретінде мектептерге енгізу керек деп санаймыз», -деді ол.