Алматыда спорттық жартасқа өрмелеуден ҚР чемпионаты өтуде
АЛМАТЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда спорттық жартасқа өрмелеуден ҚР чемпионаты өтіп жатыр.
ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен спорттық шаралардың жобасы бойынша 2011 жылы балалар арасында жартасқа өрмелеуден ҚР кубогының 4 кезеңі және Қазақстан чемпионаты, сонымен қатар ересек спортшылар арасында ҚР чемпионаты өткізілмек.
Сайысқа қатысуға тілек білдіргендердің құрамында жастар арасындағы 2008-2010 жылдардағы Азия чемпионатының жеңімпаздары бар екен.
"Бұл жылы барлық сайыстар күнтізбелік жобаға кіргендігін және серіктесіміз "БТА сақтандыру" компаниясының қолдауымен өтетіндігін қуана айта аламыз. Біздің серіктестігіміз Қазақстанның жартасқа өрмелеу спорттық түрінің дамуына және оның кеңінен танылуына өз септігін тигізетіндігіне сенімдіміз", - дейді ҚР альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясының президенті Қазбек Уәлиев.
Республикалық сайыстардың нәтижесінде жеңімпаз атанғандар Миланда (Италия) жартасқа өрмелеуден өтетін 2011 жылдың Әлем чемпионаты мен Гонконгта болатын Азия чемпионатына қатысады.