Алматыда спорттық жолын аяқтаған спортшылар арасында тұңғыш рет ХОК семинары өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тұңғыш рет қазақстандық спортшыларға арналған Халықаралық Олимпиада Комитетінің «Спортшы мансабы» семинары өтіп жатыр.

Алматыда спорттық жолын аяқтаған спортшылар арасында  тұңғыш рет ХОК семинары өтіп жатыр

Бұл шара спортшыларға білім алуға, біліктілігін арттыруға және жұмысқа орналасуына көмектесуіне арналған.  

Семинар барысында ХОК Атқарушы комитетінің мүшесі, үш Олимпиада ойындарына қатысқан белгілі семсерші Клаудия Бокель әрекеттегі және спорттық мансабын аяқтаған отандық 40 атлетке спорттан кейінгі өмір жолын қалай бастау керектігі жайында әңгімелейді.   

«Бұл семинар - ХОК пен спортшылар арасындағы тікелей диалог іспеттес. Онда біз жеке тұлғаның даму мәселелерін қарастырамыз. Спорттан кейін әлеуметтік өмірге бейімделу жайында сөйлесеміз.   

Қазақстан ХОК-тың спортшыларға мансаптық қолдау көрсету бойынша ғаламдық бағдарламасының толыққанды қатысушысы болатындығына үмітім зор. Осы бағдарлама аясында күні бүгінге дейін 100-ден астам елден 10 мыңнан астам атлет спорттан тыс салада қызмет жолын жалғастыруға мүмкіндік алды», - деді К. Бокель.

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің бас хатшысы Данияр Абылғазиннің айтуынша, аталмыш ұйымның қызметін жетілдіру бойынша стратегиялық бағыттардың бірі - комитеттің қызметінде  спортшылардың рөлін арттыру. 

«Біздің мақсатымыз спортшыларға спортта жүрген кезінде ғана емес, спорттан кейін де қолдау көрсету», - деді ол.  

«Спортшы мансабы» бағдарламасы халықаралық деңгейде ХОК қолдауымен әзірленген және 30-дан астам елде Ұлттық Олимпиада Комитеттерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.