Алматыда Сreative Commons лицензияларын таныстыруға арналған семинар болып өтті

АЛМАТЫ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында  ҚР білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және «WikiBilim» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен

Алматыда Сreative Commons лицензияларын таныстыруға арналған  семинар болып өтті

қазақстандық білім беру өкілдеріне, ғылыми және шығармашылық ортаға Сreative Commons лицензияларын таныстыру мақсатындағы семинар болып өтті.

Семинар барысында «WikiBilim» Қоғамдық қорының өкілдері "Creative Commons" ұйымы қызметінің негізгі бағыттарын,  оның жұмысының мақсатын түсіндіріп, Қазақстанда Creative Commons лицензияларын насихаттау жобасы қаншалықты іске асып жатқандығын баяндады.

"Creative Commons" (CC): шығармашылық туындыларды сандық нұсқада ашық және жария түрде таратуға және жасауға мүмкіндік беретін құқықтық, сондай-ақ техникалық инфрақұрылымды жасайтын, ұйымдастыратын және қолдау көрсететін, интернетте еркін ақпарат алмасуды дамытушы халықаралық қозғалыс. Оның мақсаты - қоғам игілігі үшін шығармашылық туындыларға, ғылым-білім және зерттеу еңбектеріне қолжетімділікті арттыру арқылы интернеттің бар әлеуетін ашу болып табылады. Нақты айтқанда, Creative Commons - шығармашылықпен айналысатын авторларға өз туындыларына қатысты құқықтарының бір бөлігін қоғамға беріп, қалған құқықтарды өзінде сақтап қалуға мүмкіндік беретін халықаралық лицензиялар топтамасы.

"Ұйым 2002 жылы «Creative Commons лицензиялары» атауымен бірнеше тегін лицензияларды жасап, жария етті. Аталған лицензиялар авторларға өздерінің авторлық құқықтарын оңтайлы басқаруға жол ашты. Атап айтқанда, автор қандай құқықтардан бас тартқысы келетінін немесе қандай құқықтарды өзінде қалдырғысы келетінін көрсетуге мүмкіндік алды.

Бүгінгі таңда бұл лицензиялар кең таралып, оны мемлекеттік мекемелер, атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Мексика және т.б. мемлекеттер президенттерінің сайты, білім беру орындары (Массачусетс технологиялық институты және т.б.), ақпараттық (Al-Jaziira телеарнасы) энциклопедиялық (Википедия энциклопедиясы), картографиялық (Wikimapia) сайттармен қатар, музыка (Jamendo) және фотосуреттер  (Flickr) сайттары, сондай-ақ көпке танымал YouTube секілді интернет-жобалар пайдалануда. Осы күнде әлем бойынша 580 миллионнан астам туынды Creative Commons лицензиялары негізінде таралған, оның 40 пайызынан астамы қоғамдық игілікке өткен туындылар", - деді «WikiBilim» Қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы семинар барысында.

Оның айтуынша, Creative Commons шығарған лицензиялар әмбебап болып келеді. "Яғни ол лицензиялар белгілі бір мемлекеттің құқықтық жүйесіне тәуелді емес. Оның лицензиялары сондай-ақ дәстүрлі авторлық құқыққа қайшы келмейді және оған балама да емес. Алайда өзінің икемділігімен, ашықтығымен дәстүрлі авторлық құқыққа және копирайтқа бәсекелес болып келеді. Creative Commons лицензияларының құқықтық формуласын "барлық құқықтар қорғалған" (all rights reserved) қағидасынан "кейбір құқықтар қорғалған" (some rights reserved) қағидасына өту деп сипаттауға да болады.

Осыған орай Creative Commons ұйымы қызметінің негізгі бағытының бірі - Creative Commons лицензияларын әлемнің түрлі елдерінің заңнамасына сәйкес бейімдеу болып табылады. Ол процесс көпсатылы келеді және әр елдің құқықтық жүйесінің ерекшеліктерімен байланысты болады. Қазіргі таңда бейімделу процесі жетпістен астам мемлекетте жүзеге асуда, соның ішінде жақын көршілеріміз Армения,  Әзірбайжан, Грузия, Украина және Ресей елдері бар",-деді Р.  Кенжеханұлы. 

Оның айтуынша, лицензиялар авторлық құқық жөніндегі барлық халықаралық конвенциялардың терминологиясымен сәйкестендірілген (Әдеби және көркем туындыларды қорғау бойынша Берн конвенциясы және т.б.). Яғни Creative Commons лицензиялары осы сала бойынша ұлттық заңнаманы кеңейтіп, толықтырып, авторлар мен пайдаланушылар үшін барынша икемді ететін лицензиялар болып табылады.

Семинар барысында СС лицензияларын  Қазақстан аумағында насихаттау жобасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтың тікелей қолдауымен жүзеге асуда, жобаны іске асыру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Әділет министрліктерінің бірлескен жұмысын қарастыратын іс-қимыл жоспарын бекітті, деп атап өтілді.

Жоспарға сәйкес, қазіргі уақытта «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген мәтіндік және өзге де материалдарды СС лицензиялары негізінде «WikiBilim» қоғамдық қорына беру қарастырылған.

Рауан  Кенжеханұлы семинар барысында сонымен қатар: "СС лицензиялары негізінде 20-дан астам қазақ әдебиетінің классиктерімен, нақтырақ айтқанда авторлармен және жазушы мұрагерлерімен авторлық келісімдерге қол қойылды. (Олардың ішінде Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Жансүгіров, Қалижан Бекхожин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова және т.б. бар.) Сонымен қатар, Лоуренс Лессигтің «Free Culture» (Еркін мәдениет) атты кітабын қазақ тіліне аудару жұмысы жүріп жатыр. Кітапта интернетте шығармашылықпен айналысу және оны таратумен байланысты мәселелерді шешуде жаңа жолдардың қажет екендігі (тарихи, мәдени, құқықтық) негізделеді", - деді.