Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионатына соңғы дайындық жұмыстары өтуде. Бұл туралы  Ұлттық студенттік лиганың басшысы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді

«Біздің еліміз ірі спорттық іс-шараларды өткізуде зор тәжірибеге ие. Тек соңғы жылдардың  өзінде Қазақстанда, атап айтқанда, Алматыда әлемдік деңгейдегі көптеген спорт жарыстары өткізілді. Футзал сияқты динамикалық және әсерлі спорт түрінен әлем чемпионаты өтуі - біздің қаламыздың тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен барлық спорт сүйер қауымды әлемді мойындатқан спорт шеберлерінің жарысын тамашалап, жанкүйер болуға шақырамын. Алматылық «Қайрат» футзал клубының әлемдік аренадағы жетістіктерінің арқасында Қазақстан осы спорт түрін дамытып жатқан елдердің бірі. Алматыда өтетін студенттер арасындағы әлем чемпионаты осыған дәлел», - деді  Дамир Шыныбеков.

Сондай-ақ, Ұлттық студенттік лиганың президенті Қазақстан әлем чемпионатын өткізу құқығын қалай иеленгенін айтты. 

«Бұл 2015 жылдың қазан айында болған. Әлемнің бірнеше ірі қалалары осындай ауқымды турнирді өткізу құқығына таласты, нәтижесінде FISU шешімімен таңдау Алматыға түсті. Бұл ауқымды оқиға ТМД аумағында алғаш рет өткізілетінін атап өту керек», - деді Дамир Әбдухалиұлы.

Тамыздың 19-ы мен 26-ы аралығында өтетін студенттер арасындағы футзалдан әлем чемпионатына бір айдай уақыт қалды. Теңбіл доп додасына әлемнің әр тарапынан жиналған  16 ер және 9 әйелдер құрамасы түседі.

 Жарыстар барлық заманауи талаптарға жауап беретін екі ірі спорт кешенінде - Almaty Arena  және Halyk Arena  өтеді.