Алматыда студенттер жатақханасына деген қажеттілік 33 мың орыннан асады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда студенттер жатақханасына деген қажеттілік 33 мың орыннан асады. Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ректорлармен және инвесторлармен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Алматыда студенттер жатақханасына деген қажеттілік 33 мың орыннан асады

Кездесуде жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы және студенттерді баспанамен қамтамасыз етуге байланысты мәселелері талқыланды. Студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешуге, қолданыстағы жатақханаларды жаңғыртуға және студенттердің жайлылығын арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, жаңа студенттік жатақханалардың құрылысындағы ілгерілеушілік қарастырылып, Алматыда студенттік жатақханалардың құрылысы бойынша жобаларды іске асырумен айналысатын жобалық кеңсенің жұмысы туралы ақпарат ұсынылды.

Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда Алматы жоғары оқу орындарында оқуға ниет білдірушілер көбейіп келеді. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының деректері бойынша қажеттілікке болжам жасалды: 32 718 төсек-орын. Бұл – жаңа қабылдауды есепке алмағандағы болжам. Осыған байланысты өткен жылғы тәжірибені және осы мәселе бойынша тәуекелдерді ескере отырып, жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Жоғары оқу орындарының басшыларына 15 тамызға дейін барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ корпустарда, жатақханаларда, асханаларда және санитариялық тораптарда толық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуді тапсырамын

, - деді министр.