Алматыда студенттердің үздік прозалық және поэзиялық шығармалар жинағы жарық көрді
АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы әл- Фараби атындағы ұлттық университетінде «Ұйқыашар» және «Айдындағы аруыма» деп аталатын 2 кітаптың тұсаукесері өтті.
Былтырғы жылы ҚазҰУ-дың 75-жылдық мерейтойына орай студенттердің «Селтеткізер» деп аталатын шығармалар жинағы шыққан болатын. «Ұйқыашар» соның жалғасы ретінде басылып отыр. Оған студенттердің іріктеліп алынған үздік прозалық және поэзиялық шығармалары жинақталған.
«Айдындағы аруыма» кітабы талантты тележүргізуші, журналист Руслан Бөлебайға арналған естеліктер жинағы. Құрастырушы, қарындасы Айнұр Бөлебай. Бұл кітаптың жарыққа шығуына Айнұр көп еңбек етті. Барлық материалдарды жинаған да өзі. Ал кітаптың атын қоюға келгенде, маған өтініш білдірді. «Айдындағы аруыма» деп алған себебім, бұл әнді Руслан өзі орындайтын», - дейді аталмыш кітаптардың жарық көруіне жетекшілік жасаған «Қазақ университеті» газетінің Бас редакторы Дәрмен Смайыл.