Алматыда студенттерге арналған ең үлкен жатақхана пайдалануға берілді
Бүгін еліміздегі ең ірі және жайлы жатақханаларының бірі ашылды. Бұл ҚазҰМУ-дің 8-ші жатақханасы және Қазақстанның ең көне жоғары оқу орнының Тәуелсіз жылдарында салынған алғашқы жатақхана.
Ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ЖОО-ның басшылығы мен студенттер қатысты. ҚазҰМУ көп жылдан бері жаңа жатақханаға мұқтаж болған университет.
Бұл Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының аясында қысқа мерзім ішінде салынған ірі жатақхана. Еліміздің жетекші медициналық университеті үшін студенттер үйінің пайдалануға берілуі - көптен күткен оқиға.
Бүгінде Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да басқа қалалардан келген 6 мыңға жуық бозбала мен бойжеткен білім алып жүр. Олардың жартысына жатақханадан орын табылған жоқ. Жаңа жатақхана бұл проблеманы шеше алады.
Оған қоса, мұндағы жағдай үйдегідей жайлы. Тоғыз қабатты екі ғимараттан тұратын жатақханада 75 орынға арналған асхана, кір жуатын бөлме, 30 адамға арналған оқу залы, кітап қоймасы, интернет сыныптар, демалу бөлмелері, медициналық пункт және әкімшілік бөлмелер бар.
Студенттердің жайлылығы үшін ас дайындайтын және жуынатын бөлмелері бар екі және үш орындық бөлмелер ұсынылған. Бөлмелерде кереует, жазу үстелі, киімге арналған шкаф және тағы басқа қажетті жиһаз бар.